Бір-ақ келі жетпеді. Қазақстандық спортшы Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды
Астанада өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионаты қазақстандық жанкүйерлер үшін қуанышты жаңалықтармен жалғасуда. Кезекті медаль иегері атанған Аянат Жұмағали 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орын алып, ұлттық құраманың жүлде қорын толықтырды.
Жас спортшы жарыс барысында жоғары дайындық пен тұрақтылық танытып, қоссайыста 217 келіні еңсерді: жұлқа көтеруде - 95 кг, серпе көтеруде - 122 кг. Бұл көрсеткіш оған құрмет тұғырының үшінші сатысына көтерілуге мүмкіндік берді.
Аталған салмақта алтын жүлде Оңтүстік Корея өкілі Хисо Чжунға бұйырды - ол жалпы 230 келіні (102 + 128) еңсерді. Күміс жүлдені Өзбекстан атынан сынға түскен Гульшодахон Дадамирзаева иеленді. Оның нәтижесі Й 218 келі (96 + 122), бұл Жұмағалидан небәрі бір келіге артық.
Бұған дейін дәл осы чемпионатта 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Кира Данилова алтын жүлде жеңіп алып, жарысқа фаворит ретінде келгенін толық дәлелдеген болатын.