Әбиба Әбужақынова – әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан әйелдер дзюдосындағы тарихи нәтиже
13 маусым күні Будапештте (Мажарстан) өткен әлем чемпионаты Қазақстан спорты үшін тарихи сәтпен есте қалды. Әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта финалға шығып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл - қазақстандық әйелдер тарихында алғаш рет әлем біріншілігі финалына жолдама алған дзюдошының жетістігі.
Финалда Абужақынова италиялық Ассунта Скуттодан жеңілді. Алайда бұл нәтиже оның шеберлігі мен табандылығының айғағы. Жартылай финалда ол испаниялық Лаура Мартинес Абеленданы жеңіп, қарсыласының үш шидо алуына себеп болды.
Әбужақынованың бұл күмісі – оның халықаралық ареналардағы жарқын жолының заңды жалғасы. Ол екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022, 2024), жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі (2017), екі Гран-при кезеңінің жеңімпазы (2023, 2025), сегіз «Үлкен Дулыға» кезеңінің жүлдегері, сондай-ақ Париж-2024 Олимпиадасының қатысушысы.