Қазақстан спортын қаржыландыру қатаң бақылауда: қысқартулар, жаңа талаптар және басымдық – балалар мен жасөспірімдер спортына
Қазақстанда спорт саласын реформалау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Негізгі назар – бұқаралық және балалар спортын дамытуға, сондай-ақ қаржыландырудың ашықтығын арттыруға бағытталған, деп «ANTIKOR» Telegram-арнасында хабарланды.
Дереккөздің мәліметінше, 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Мәдениет және спорт министрлігі спорт саласындағы тәуекелдерді сыртқы талдаудан өткізді. Талдау нәтижесінде бірқатар маңызды мәселелер анықталды: қаражаттар инфрақұрылымды дамытуға емес, артық еңбекақы, оқу-жаттығу жиындары мен шетелдік легионерлерге төлемдерге жұмсалған.
Нәтижесінде 50-ден астам нақты ұсыныс әзірленді. Олар бюджетті орталықтандыру, цифрландыру, оқу-жаттығу жиындарын бақылау және қаржыны балалар мен жасөспірімдер спортына қайта бағыттау сияқты шараларды қамтиды.
2024 жылдан бастап мемлекеттік қаржыландыруды алу талаптары күшейтілді. Кәсіпқой клубтарда өздерінің балалар-жасөспірімдер бөлімшелері, жастар командалары және қажетті инфрақұрылым болуы шарт. Сонымен қатар жиындарға лимит енгізілді. Ал 2025 жылдың сәуірінен бастап шетелдік спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынды.
Кәсіпқой спортқа бөлінген бюджет 6,7 миллиард теңгеге қысқартылды. 1,3 миллиард теңге тиімсіз жұмсалғаны анықталып, мемлекетке қайтарылды. Бұдан бөлек, 11 спорт нысаны мемлекеттік мекемелердің балансына берілді.