Қазақстан Азербайжанмен жүйке тоздырар тай-брейктен кейін ӘЧ финалынан тыс қалды
Әйелдер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының жартылай финалдық кезеңі 23 қарашаға қараған түні аяқталып, жанкүйерлерге нағыз драмалық сәттер сыйлады.
Көптен күткен жекпе-жектердің бірі Қазақстан мен Азербайжан құрамаларының кездесуі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қайнаған тартыста финалға жолдаманы азербайжандық шахматшы қыздар жеңіп алды — шешуші тай-брейкте олар жеңіске жетті. Төрт партиядан тұрған блиц-серияда есеп 3:1 болып, қарсыластарымызға бұйырды.
Екінші жартылай финалда FIDE туы астында өнер көрсететін Ресей құрамасы Қытайды жалпы 2:0 есебімен сенімді жеңіп, финалға еш қиындықсыз өтті.
Осылайша, 23 қараша кешінде әлем чемпионы атағы үшін финалда Ресей мен Азербайжан кездеседі. Ал Қазақстан шахматшылары дәл сол күні үшінші орын үшін Қытайға қарсы матч өткізеді.
Турнирдің қолданыстағы регламентіне сәйкес әр командалық матч топтық кезеңдегідей уақыт бақылауымен өтетін екі кездесуден тұрады: әр ойыншыға бүкіл партияға 45 минут және әр жүрістен кейін 30 секунд қосылады.