Ауыр атлетика федерациясы Алмас Өтешовке неге қызмет ұсынбағаны айтты
Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған қызылордалық Алмас Өтешовтің ауыр тағдыры туралы көпшілік хабардар болған. Жуырда облыстық спорт басқармасы экс-спортшыға жұмыс тауып беріп, аяққа тұруына атсалысқаны туралы ақпарат тарады.
Ал, Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Мадина Астамирова кезекті бір сұхбатында Алмасқа бұған дейін федерация тарапынан неге қызмет ұсынылмағанын түсіндіріп берді.
"Алмасқа да талай рет жұмыс ұсындық. Бірақ ол Алматы қаласында балалар бапкері болудан бас тартты. Бірден ұлттық құраманың бапкері болғысы келді. Алайда, жаттықтырушы болудың да өзіндік шарттары бар.
Ол мемлекет берген пәтерін жекешелендіріп беруді сұрады. Бірақ қазір ешбір Олимпиада чемпионы да, әлем чемпионы да мемлекеттен берілген пәтерді біршама уақытқа дейін жекешелендіре алмайды. Заң солай. Ал Алмас болса, пәтерді сатып, несиелерін жапқысы келді",- деді Мадина Астамирова.
Айта кетейік, Алмас Өтешов – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2016 жылы допинг дауына ілініп, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оны Алмас Өтешовті төрт жылға спорттан шеттеткен еді.