Астанада Сапиевтің қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» балалар спорт фестивалі өтті
Астанада 25-28 қазан аралығында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында «Тең мүмкіндіктер» республикалық балалар спорт фестивалі өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жарысқа еліміздің 20 өңірінен 291 бала қатысты, оның ішінде 97-сі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар.
Фестиваль аясында жас қатысушылар боччадан, «Көңілді старттардан» және жеңіл атлетикадан сынға түсті. Жарыстар балаларға өздерінің спорттық қабілеттерін көрсетуге, сондай-ақ командалық жұмыс пен өзара қолдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина мен Бочча федерациясының президенті Маулен Ашимбаев қатысты. Балаларды қолдауға бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев те келді. Жарыс қорытындысы бойынша қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Фестивальдің басты мақсаты — балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, өз күшіне деген сенімін нығайту және достық қарым-қатынастардың қалыптасуына ықпал ету. Сонымен қатар іс-шара әр баланың спортпен шұғылдануына тең мүмкіндік беруге және инклюзивті спортты дамытуға бағытталған.