Жарқын оралу: Дамир Исмағұлов Астанада өткен Alash Pride FC 108 турнирінде Алан Патрикті жеңді
27 мамыр күні Астанада өткен Alash Pride FC 108 турнирінің басты жекпе-жегінде қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дамир Исмағұлов (26-3) пен Бразилия өкілі Алан Патрик (15-4) октагонда жолықты. Жеңіл салмақтағы бес раундқа жоспарланған бұл кездесуде Исмағұлов екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, кәсіби мансабындағы 27-ші жеңісіне қол жеткізді.
32 жастағы қазақстандық спортшы жекпе-жекті толық бақылауда ұстап, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Қашықтықта сенімді жұмыс істеп, дәл соққылармен Патрикті есеңгіреткен Исмағұлов кездесуді уақытынан бұрын аяқтады.
42 жастағы Алан Патрик үшін бұл UFC-ден кейінгі алғашқы жекпе-жек болды. Үш жылдық үзілістен кейін октагонға қайта оралған бразилиялық бұл жолы да сәтсіздікке ұшырады - бұл оның кәсіби мансабындағы бесінші жеңілісі. Патрик UFC аясында 10 жекпе-жек өткізіп, 5 рет жеңіске жетті.
Исмағұлов та бұған дейін UFC-де 7 рет жекпе-жек өткізіп, 5 рет жеңіске жеткен. Ал әлемнің үздік промоушенінен кеткен соң, ол үш мәрте октагонға шықты - екі рет Alash Pride турнирінде, бір рет ресейлік Hardcore лигасында. Барлық жекпе-жекте жеңіске жеткен.