ВИДЕО. Анкалаев Перейраны нокдаунға жіберді
Лас-Вегас (АҚШ) қаласында өтіп жатқан UFC 313 турнирінің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белбеу сарапқа салынып жатыр. Титулды қорғаушы бразилиялық Алекс Перейраға бұл жолы рейтингте бірінші орында тұрған ресейлік Магомед Анкалаев қарсылас атанды.
Екінші раундта Анкалаев бастаманы өз қолына алып, қарсыласын соққылармен қыспаққа алды. Алдымен денеге бірнеше жойқын тебумен бастаса, кейін тура сол қолымен Перейраны дәл ұрды. Раундтың соңында ресейлік файтер тағы да сол қолымен дәл тигізіп, Перейра тепе-теңдігін жоғалта бастады. Бұл үш минуттық кезең Анкалаевтың пайдасына аяқталды – 10:9. Жалпы есеп – 19:19.
Айта кетейік, Перейра белбеуін соңғы рет 2024 жылдың қазан айында қорғап, төртінші раундта Халил Раунтриді техникалық нокаутпен жеңген болатын. Ал Анкалаев сол айда Александр Ракичті төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.