UFC-дің бұрынғы чемпионы Шымкентке келеді: Стерлинг Ержан Естановпен жекпе-жек өткізеді
25 шілде күні Шымкент қаласында Alash Pride 110 турнирінің шеңберінде жылдың ең қызықты жекпе-жектерінің бірі өтеді. Кілемге UFC-дің бұрынғы чемпионы Алджамейн Стерлинг пен қазақстандық ММА ардагері Ержан Естанов шығады. Кездесу грэпплинг ережесі бойынша өтеді және кештің басты жекпе-жегі болмақ.
39 жастағы Ержан Естанов үшін бұл – атақты қарсыласпен күш сынасып, өз шеберлігін дәлелдеудің тамаша мүмкіндігі. Оның кәсіби мансабында 18 жеңіс тіркелген, әрі ол – ресейлік ACA ұйымында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық спортшы.
Ал Алджамейн Стерлинг – UFC тарихындағы ең әйгілі жеңіл салмақтағы файтерлердің бірі. Америкалық спортшы 2021 жылдан 2023 жылға дейін чемпиондық белбеуді иеленіп, оны үш мәрте сәтті қорғады. Ол промоушн тарихында қарсыласының тыйым салынған соққысы арқылы (Петр Янға қарсы кездесу) чемпион атанған алғашқы спортшы ретінде есте қалды.
Айта кету керек, Стерлингтің есімі Alash Pride лигасымен бұрын да байланысты болған. Ол Alash Pride 108 турниріне қатысуы тиіс еді, алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда қатысудан бас тартты. Оның орнына октагонға Олимпиада чемпионы Генри Сехудо шыққан болатын.