UFC 315 кард: Белал Мухаммадтың титулдық жекпе-жегі және Бекзат Алмаханның октагонға оралуы
11 мамыр күні Монреалда UFC 315 турнирі өтеді. Бұл — Bell Centre аренасында араға он жыл салып ұйымдастырылатын алғашқы UFC кеші. Жанкүйерлерді 11 жекпе-жек, екі титулдық кездесу және бірқатар аңыз спортшылардың октагонға оралуы күтуде. Қазақстандық жанкүйерлер үшін кештің басты қызығы - Бекзат Алмаханның өнер көрсетуі.
Кештің басты жекпе-жегі Белал Мухаммад (24-3) пен Джек Делла Маддалена (17-2) арасында өтеді. Бұл кездесу жартылай орта салмақтағы чемпионды анықтайды. Бастапқыда Белалдың қарсыласы қазақстандық Шавкат Рахмонов болуы керек еді, бірақ ол жарақатына байланысты турнирден шет қалды. Мухаммад пен Маддалена арасындағы көзқарас дуэлі қызу өтті және жанкүйерлер арасында қызығушылықты одан әрі арттырды.
Іріктеу жекпе-жектерінде Қазақстан атынан Бекзат Алмахан (11-2) канадалық Брэд Катонамен (14-4) кездеседі. Бұл — Бекзаттың UFC-дегі екінші жекпе-жегі әрі жарақаттан кейінгі алғашқы кездесуі. 2024 жылдың наурыз айында ол Умар Нурмагомедовке қарсы дебют жасап, оны нокдаунға жіберген алғашқы спортшы атанды.
Турнирдің басты оқиғаларының бірі - Жозе Альдоның оралуы. Сонымен қатар, Валентина Шевченко мен Манон Фьоро арасындағы титулдық кездесу, Алекса Грассо мен Джессика Андраденің жекпе-жектері өтеді. Өкінішке қарай, француз Бенуа Сен-Дени жекпе-жексіз қалуы мүмкін: қарсыласы, испандық Йоэль Альварес, дайындық кезеңінде жарақат алып, турнирден бас тартты. UFC бұл кездесуге әлі балама таппады.
UFC 315 кард
Басты кард:
• Белал Мухаммад vs. Джек Делла Маддалена (титул)
• Валентина Шевченко vs. Манон Фьоро (титул)
• Жозе Альдо vs. Айманн Захаби
• Алекса Грассо vs. Наталья Силва
• Бенуа Сен-Дени vs. TBA
Алдын-ала жекпе-жектер:
• Майк Мэлотт vs. Чарли Радтке
• Джессика Андраде vs. Жасмин Ясудавичус
• Ион Куцелаба vs. Модестас Букаускас
• Наважо Стирлинг vs. Иван Эрслан
Іріктеу жекпе-жектері:
• Марк-Андре Баррио vs. Бруно Силва
• Даниэль Сантос vs. Чон Ён Ли
• Бекзат Алмахан vs. Брэд Катона