Шавкат Рахмонов өз оралу мерзімін жариялап, UFC-дегі бүкіл дивизионға талап қойды
UFC-дің жеңілмеген қазақстандық файтері Шавкат Рахмонов (19–0) дайындық барысы мен октагонға қашан қайта оралатыны туралы айтып берді. «Номадтың» айтуынша, қалпы мен жаттығу үдерісі жоспарға сай жүріп жатыр.
«Жаттығып жатырмыз, бабымызды жинап келеміз. Бұйырса, бәрі жақсы болса, ақпан айының басы немесе ортасы шамасында октагонға ораламын», - деді Рахмонов.
Дивизиондағы қазіргі жағдайға тоқталған Шавкат биыл өздерін ерекше қырынан көрсеткен жаңа есімдердің көбейгенін атап өтті.
«Жаңа деуге келмейді – олар бұрыннан бар, тек осы маусымда жақсы өнер көрсетті: Пратес те, Моралес те мықтылығын көрсетті. Бірақ бәрібір маңызды емес. Біздің дивизион өте қызықты, өте бәсекелі. Сол себепті бәрі үнемі өзгеріп отырады: кім мықты – сол жоғарыда қалады».
Рахмонов қазіргі таңда жартылай орта салмақ дәрежесінің рейтингінде төртінші орында тұр.
Еске салайық, Шавкат бұған дейін Махачевпен жекпе-жекке дайын екенін ашық айтқан болатын.