Oktagon чемпионы жаңа қарсыласын әлеуметтік желіде іздеуде
Oktagon MMA тарихындағы алғашқы қазақстандық чемпион белбеуін қорғау үшін жаңа қарсылас күтіп отыр
ФОТО: zhumagulov_zhalgas инстаграм парақшасынан
Қазақстандық ММА жауынгері Жалғас Жұмағұлов келесі жекпе-жекке дайын екенін білдіріп, лайықты қарсыласын күтетінін айтты.
«Еуропалық UFC» аталып жүрген Oktagon MMA лигасының чемпионы жанкүйерлеріне әлеуметтік желі Х арқылы ашық үндеу жасады:
«Барлығы менің октагонға оралуымды күтуде. Мен де күтемін. Маған қарсылас беріңдер», – деп жазды Жұмағұлов.
Еске сала кетейік, маусым айының соңында Жұмағұлов промоушен тарихына енді. Гамбургте өткен Oktagon 73 турнирінде ол салмақ дәрежесіндегі титулдық жекпе-жекте грузин спортшысы Бено Адамияны үш төрешінің бірауыздан шешімімен жеңіп, чемпион атанды. Бұл жетістік оны Oktagon MMA тарихындағы алғашқы қазақстандық чемпион етті.