Конор Макгрегор UFC-дегі соңғы жекпе-жегіне қарсыласын атады
UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы, 38 жастағы ирландиялық Конор Макгрегор (22-7) америкалық Макс Холлоуэймен (28-9) үшінші жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді. Спортшының айтуынша, дәл осы қарсылас ол үшін басымдыққа ие, ал алдағы жекпе-жек ұйыммен қолданыстағы келісімшарт аясындағы соңғы айқас болуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
BKFC 96 турнирінің баспасөз мәслихатында ирландиялық файтер 2026 жылдың шілдесінде жеңілген Холлоуэймен текетіресті аяқтағысы келетінін айтты. Макгрегор соңғы жекпе-жектің өту барысына көңілі толмаған және жарақат өзінің мүмкіндігін толық көрсетуіне кедергі келтірді деп есептейді.
«Бұл Холлоуэй болуы керек. Осы қарғыс атқыр жекпе-жекті тағы бір рет өткізу қажет! Анау жігіт бір рет те соққы алмасуға барған жоқ. Жекпе-жекті тоқтатуды төрешіден сұраған да сол. Мен онымен бір аяғыммен де есеп айырысар едім. Болған жағдай мен үшін нағыз соққы болды, мен әлі күнге дейін осыны уайымдап жүрмін. Сондықтан біз қайтадан кездесуіміз керек», - деді Макгрегор.
Осылайша, ирландиялық басқа қарсылас іздеуге қызықпайтынын және реванш өткізу мүмкіндігіне ие болуды күтетінін аңғартты. Алайда әзірге жекпе-жекшілер арасындағы үшінші айқас туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Конор Макгрегор мен Макс Холлоуэй алғаш рет 2013 жылдың тамызында кездесті. Сол кезде ирландиялық төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Екінші жекпе-жек араға 13 жылға жуық уақыт салып, 2026 жылдың 11 шілдесінде UFC 329 турнирінде өтті. Алайда көптен күткен реванш айқас басталғаннан кейін 69 секунд қана жалғасты. Макгрегор тізесінен ауыр жарақат алып, техникалық нокаутпен жеңілді. Ирландиялық үшін бұл жекпе-жек бес жылдық үзілістен кейінгі алғашқы ресми кездесуі болды. Оған дейін Макгрегор октагонға 2021 жылдың шілдесінде шығып, америкалық Дастин Порьемен кездескен. Ол жекпе-жек те ирландиялықтың аяғын сындырып алуына байланысты жарақат салдарынан мерзімінен бұрын аяқталған еді. Осылайша, UFC-дің бұрынғы чемпионының соңғы екі жекпе-жегі ауыр жарақаттарға байланысты жеңіліспен аяқталды.
Қазіргі уақытта 38 жастағы ирландиялық тізесіне жасалған операциядан кейін қалпына келіп жатыр және 2027 жылдың жазында жекпе-жектерге оралуды жоспарлап отыр. Бұған дейін Макгрегор келесі айқасының UFC-мен қолданыстағы келісімшарты бойынша соңғысы болатынын хабарлаған еді.