Генри Сехудо: Джон Джонс үш буынды артта қалдырды, енді оған құрмет көрсету керек
АҚШ спортшысы, UFC-дің екі салмақтағы бұрынғы чемпионы Генри Сехудо жекпе-жектен кететінін мәлімдеген Джон Джонстың шешіміне пікір білдірді. Оның айтуынша, Джонс өз миссиясын орындап, тарихта қалды.
Бакудегі баспасөз мәслихатында UFC президенті Дана Уайт Джон Джонстың мансабын аяқтайтынын хабарлады. Осыған орай Генри Сехудо Pound 4 Pound with Kamaru & Henry подкастында өз ойымен бөлісті.
«Ол белбеуді қанша рет қорғады, 17 рет пе? Осындай бір сан… Ол жартылай ауыр және ауыр салмақта әлем чемпионы болды. Джон Джонс не істеймін десе де, еркі өзінде. Оның 37 жасында спорттан кетуді қалауы – дұрыс шешім. Адамдар шегінетін сәт келгенін сезеді.
Джон бәрін жасады, екі емес, үш буын спортшыларын артта қалдырды. Меніңше, енді оған құрмет көрсету керек», – деді Сехудо.
2008 жылдан бастап UFC-де өнер көрсеткен Джон Джонс аралас жекпе-жек тарихындағы ең мықты спортшылардың бірі саналады.
Том Аспиналдың келесі жекпе-жегі қарашада Нью-Йоркте өтуі мүмкін.