Гаджиев — Рахмонов жайлы: Чемпионнан басқа қарсылас атау — бұл сәл дұрыс емес болар еді
Fight Nights промоушенының президенті Камил Гаджиев UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың мәлімдемесіне пікір білдірді. Шавкат титулға дейінгі артық жекпе-жектерден бас тартып, тек чемпиондық белбеу үшін ғана шайқасқысы келетінін айтқан болатын.
«Шавкаттың бұл мәлімдемесі — қисынды. Себебі сен чемпиондық айқасқа бір табан қалғанда, чемпион емес біреуді қарсылас ету — сәл дұрыс емес көрінер еді. Дегенмен Дана Уайттың айтуынша, егер Ислам жеңсе, онда Топуриямен айқасады. Ал Маддалена жеңсе, онда Маддалена мен Шавкаттың жекпе-жегі қызықты өтуі мүмкін», — деді Гаджиев YouTube-тағы «Апта қорытындылары» эфирінде.
Шавкат Рахмонов соңғы кездесуін 2024 жылдың желтоқсанында өткізді. Онда ол ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, UFC-дің жартылай орта салмақтағы басты үміткерлерінің бірі ретінде орнын сақтап қалды.