Фото. Бір ғана пікір – һәм дауыл. Баклиге жауаптан кейін Рахмоновты нәсілшілдікпен айыптады
Хоакин Баклидің Шавкат Рахмоновқа жасаған оғаш шақыруы күтпеген жалғасын тапты. Америкалық файтер кеше Instagram парақшасында «Номадқа» барынша қатқыл түрде үндеу жолдаған болатын.
Шавкаттың жауабы ұзақ күттірмеді - алайда резонанс алғашқы жазбадан да қатты шықты. Баклидің постының астында Рахмонов қысқа ғана қазақша: «Қара бала таяқ жейсің», - деп жазды. Ал бұл фразаны шетелдік қолданушылар бірден қорқыту әрі нәсілшілдік ретінде қабылдаған.
Осы тұсты үлкен ММА-паблик Fight Yard іліп әкетті. Олар Шавкаттың пікірін скриншотқа шығарып, «бұл сөздер расистік астарға ие» деп жариялап, аудиторияға сұрақ тастады: «Шавкаттың мұндай әрекетін қалай бағалайсыздар?»
Талқылау әп-сәтте қызды - біреулер Рахмоновты қорғады, енді бірі қатты сынады.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов қазіргі уақытта UFC-де жартылай орта салмақта 3-орында тұр. Ол титулдық жекпе-жекке негізгі үміткер саналады және қазір ұзақ үзілістен кейінгі қалпына келу кезеңінен өтуде.
