Дияр Нұрғожай UFC-дегі алғашқы жекпе-жегі жайлы: \"Оны жеңіл қарсылас деп айта алмаймын\"
Қазақстандық ММА спортшысы Дияр Нұрғожай (10-0) UFC-дегі алғашқы жекпе-жегі туралы өз пікірін білдірді.
“Келісімшартқа қол қойғанымды бірінші болып Дана Уайттың өзінен естідім. Бұл шоудың (Dana White’s Contender Series) басты ерекшелігі – келісімшартқа қол қойылған-қойылмағанын сол жерде бірден білуге болады. Ол менің атымды атағанда, мен UFC-де өзімді көрсетіп, үлкен жетістіктерге жететінімді айттым. Дегенмен UFC жауынгері болудың не екенін түсіну үшін әлі уақыт керек. Себебі қазір тек келісімшарт жасалды. Маған аздап уақыт беріңіздер, екі-үш жекпе-жектен кейін бұл туралы нақты айтып бере аламын,” – деп бөлісті Дияр Нұрғожай.
Сонымен бірге, ол UFC-дегі алғашқы қарсыласы жайлы пікірін білдірді.
“Иә, қарсыласыммен аздап таныстым. Оның бірнеше жекпе-жегін қарап, кейбір тәсілдерін зерттедім. Оны жеңіл қарсылас деп айта алмаймын. Кейбіреулер маған “сәттілік жолдас болды” деп айтып жатыр, бірақ оның жекпе-жектерін көрген адам оның қаншалықты қауіпті екенін түсінеді. Жалпы, бразилиялықтар өте қауіпті болады. Олар төреші тоқтатпайынша немесе гонг соғылмайынша берілмейді. Сондықтан, бұл оңай бола қоймайды деп ойлаймын, ауыр жекпе-жекке дайындалып жатырмын,” – деді Дияр “Спорт Шредингер” сайтына берген сұқбатында.
Еске салсақ, Дияр Нұрғожай UFC-дегі дебюттік жекпе-жегін 16 наурыз күні бразилиялық Брендсон Рибейросына (16-7) қарсы өткізеді.