«Бірінші әйеліме опасыздық жасамау үшін»: Шара Буллет екінші әйел алғысы келетінін мәлімдеді
UFC-де өнер көрсететін ресейлік жауынгер Шарабутдин Магомедов, Шара Буллет деген атпен танымал, екінші рет үйлену жоспары барын айтып, қазіргі жарының бұған қалай қарайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Sports24.kz.
«Макарена» YouTube-арнасына берген сұхбатында 32 жастағы спортшы екінші рет үйлену мүмкіндігін қарастырып жүргенін мойындады. Магомедовтің айтуынша, әйелі мұндай шешімге келісімін берген.
«Барлық мұсылманға мұндай мүмкіндік берілген, тек бәрі бірдей оған келісе бермейді. Әйелім келісті, өйткені Алла Тағала рұқсат еткен нәрсеге келіспеу мүмкін емес», - деді жауынгер.
Екінші әйелдің не үшін қажет екені туралы сұраққа Магомедов осылайша жұбайына опасыздық жасаудан аулақ болғысы келетінін айтты.
«Бірінші әйеліме опасыздық жасағым келмесін деп. Күнәға батқанша, екінші әйел алған дұрыс. Бәрінің де басқа біреуге көңілі ауатын шығар», - деп түсіндірді Шара Буллет.
Спортшы төрт әйел алу мүмкіндігі туралы да пікір білдірді. Оның ойынша, ер адам әр әйелін материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете алса, бірнеше рет үйленуіне болады.
Алайда Магомедов екінші рет қашан үйленетінін нақты айтпады.
Еске салайық, Шара Буллеттің келесі жекпе-жегі 5 желтоқсанға жоспарланған. Эр-Риядта өтетін UFC турнирінде ресейлік жауынгер ұйымның бұрынғы чемпионы Исраэль Адесаньямен кездеседі.