Алмабаев пен Эрцегтің UFC Fight Night 253 турниріндегі жекпе-жегі өтпейді
Жеңіл салмақтағы қазақстандық Асу Алмабаев (21-2) пен австралиялық Стив Эрцегтің (12-3) арасында өтуі тиіс болған UFC Fight Night 253 турниріндегі жекпе-жек болмайды.
Octagon Update мәліметінше, жекпе-жектің өтпеуіне бір спортшының бас тартуы себеп болуы мүмкін. Кездесу 1 наурыз күні Лас-Вегаста өткізіледі деп жоспарланған еді.
Қазіргі уақытта Асу Алмабаев UFC-дің жеңіл салмақ дәрежесі рейтингінде сегізінші орында тұр, ал оның қарсыласы Стив Эрцег тоғызыншы орынға жайғасқан.
30 жастағы Алмабаев үшін 2024 жыл өте сәтті өтті. Ол UFC-де үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Наурыз айында американдық Сиджей Вергараны жеңсе, маусымда Хосе Джонсонды, ал қазан айында бразилиялық Матеус Николауды айқын басымдықпен ұтты.
Ал 29 жастағы Эрцег үшін өткен жыл сәтсіз болды. Ол қатарынан екі рет жеңіліске ұшырады: алдымен дивизион чемпионы Алешандре Пантожадан, кейіннен Жаңа Зеландиялық Кай Кара-Франстан жеңілді.
Жекпе-жектің не үшін тоқтатылғаны және болашақта өтуі мүмкін бе, ол жайлы нақты ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Дрикус Дю ПЛЕССИ: "Исламмен жекпе-жек ұйымдастырылса, ол мен үшін оңай ақша болады"