«Бұл — оның шегі»: Қазақстанда Асу Алмабаевтың жеңілісіне қатысты пікір екіге бөлінді
Қазақстандық файтер Асу Алмабаевтың Катардың Доха қаласында өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригутиден жеңілуі елде түрлі пікір туғызды. Спорт комментаторы Мәди Исатай отандасының болашағына сын көзбен қараса, танымал ММА файтері Қуат Хамитов Алмабаевты қолдап, шешуші раундтағы тактикалық қателіктерді атап өтті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ең жеңіл салмақтағы жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Хоригути жеңіске жетті. Алмабаев UFC-дегі мансабында екінші рет жеңіліс тапты. Енді оның ұйымдағы көрсеткіші — жеті жеңіс, екі жеңіліс, ал кәсіпқой мансабындағы жалпы рекорды — 24-4.
Жекпе-жек аяқталғаннан кейін спорт комментаторы Мәди Исатай қазақстандық файтердің жоғары деңгейін мойындағанымен, оның ең жеңіл салмақтағы дивизион элитасымен бәсекеге түсуге дайын екеніне күмән келтірді.
«Төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Хоригути жеңді! Асу, сөзсіз, UFC-дегі топ файтер, бірақ әзірге элита деңгейіне жете қойған жоқ. Өкінішке қарай, қазір оның шегі — осы. Ол бұл межеден асып, жаңа деңгейге көтеріле ала ма, әзірге белгісіз...» — деді Исатай.
Демек, комментатор Алмабаев UFC-де бәсекеге қабілетті екенін дәлелдегенімен, одан әрі ілгерілеу үшін сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығуы қажет деп санайды. Сонымен қатар Исатай қазақстандық файтердің болашақта қазіргі шектеулерден асып, мансабын дамыта алатынын да жоққа шығармады.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитовтың пікірі басқа. Ол Алмабаевтың өнерін жоғары бағалап, үшінші раундта уақытты дұрыс бөлгенде жекпе-жектің нәтижесі басқаша болуы мүмкін екенін айтты.
«Асу жақсы жекпе-жек өткізді! Үшінші раундтың алдында есепті раундтар бойынша 1:1 деп көрдім. Үшінші раундта үш минут бақылауда ұстағаннан кейін қарсыласты тұрып айқасуға жіберу керек еді... Тұрып сәл қозғалып, сосын қайтадан жерге түсірсе, жеңіс қалтада болар еді!» — деді Хамитов.
Файтердің пікірінше, шешуші бес минуттың алдында қарсыластардың жағдайы тең болған: әрқайсысы бір раундтан жеңген. Хамитовтың ойынша, партерде ұзақ бақылауда ұстағаннан кейін Алмабаев жапониялықтың тұрып кетуіне мүмкіндік беріп, біраз уақыт соққы алмасып, содан соң оны қайтадан төсенішке түсіруге әрекеттенуі керек еді.
Исатай бұл жеңілістен Алмабаев мүмкіндігінің қазіргі шегін көрсе, Хамитов сәтсіздікке ең алдымен жекпе-жек кезіндегі тактикалық шешімдер себеп болды деп санайды.
Хоригутиден жеңілу қазақстандықтың UFC-дің ең жеңіл салмағындағы чемпиондық белбеуге талас жолын қиындатты. Ал кәсіпқой рекордын 37 жеңіс пен 6 жеңіліске жеткізген жапониялық жекпе-жектен кейін Манель Капе мен Джошуа Ван арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеді.