Алғашқы жеңіліс – үзілген үміт: Әліби Ыдырыс The Ultimate Fighter финалында жеңілді
Әліби Ыдырыс алғашқы рет жеңіліске ұшырап, UFC келісімшартынан қағылды
ФОТО: Getty images
Қазақстандық спортшы Әліби Ыдырыс (10-1) мансабындағы ең маңызды жекпе-жекте жеңіліп қалды. 17 тамызда АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен UFC 319 турнирінде ол The Ultimate Fighter шоуының финалында америкалық Джозеф Моралеске (13-2) қарсы шықты.
Айқас жеңіл салмақта (57 кг дейін) өтті. Үш раундқа жоспарланған кездесу екінші раундта аяқталды: Моралес партерде басым түсіп, қазақстандық спортшыны қылқындыру әдісімен жеңді. Осылайша Әліби Ыдырыс алғаш рет мансабында жеңіліп, басты мүмкіндіктен – UFC-мен келісімшарттан айырылды.
Бұған дейін Әліби Ыдырыс қатарынан 10 жекпе-жекте жеңіске жетіп, Қазақстанда үлкен үміт артылған мықты проспекттердің бірі саналған еді. Ал Моралес бұл жеңістің арқасында UFC-дің толыққанды спортшысы атанды.