Қайта оралуы жақын ба? Рахмоновтың командасы UFC-дегі камбэктің мерзімін атады
Шавкат Рахмоновтың бапкерлік штабы қазақстандық файтердің октагонға оралуына қатысты негізгі бағдарды айқындады. Спортшының тәлімгері Эдуард Базров үзіліс ұзаққа созылмауы тиіс екенін ашық айтты.
Базровтың сөзінше, команда келесі жылы қайта оралуға ниетті, алайда нақты мерзімді қазір атау қиын. Бұл, ең алдымен, жарыс күнтізбесіне және Ораза айының уақытына тікелей байланысты.
«Алла қаласа, келесі жылы ораламыз деп үміттенемін. Нақты айды айту қиын, себебі Ораза болады. Барлығы сәтімен келсе, көктемде, мүмкін көктемнің басында», - деді бапкер Namys Fighting YouTube-арнасына берген сұқбатында.
Қазіргі таңда Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы рейтингінде екінші орында тұр және толық қалпына келген соң чемпиондық жекпе-жекке басты үміткерлердің бірі саналады. Ол соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында октагонға шығып, Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен сенімді түрде жеңген еді.