Қадырбек Шынбаев Азия ойындарының чемпионы атанды — Қазақстан қоржынына алтыншы алтын
Нагоя қаласында (Жапония) Қазақстан құрамасы аралас жекпе-жектен (ММА) Азия ойындарында кезекті алтын медальді жеңіп алды, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан өкілі Қадырбек Шынбаев 71 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде заманауи стиль бойынша жарыстың жеңімпазы атанды.
Финалда отандасымыз Тәжікстан өкілі Бехруз Хуршедзоданы жеңді. Есеп: 3-0.
Айта кетейік, ММА тарихта алғаш рет жазғы Азия ойындарының бағдарламасына дәл Жапонияда енгізілді. Бұл — Қазақстанның аталған спорт түрінен алған үшінші медалі. Кеше Санжар Әділов (дәстүрлі стиль, 65 кг-ға дейін) қола медаль жеңіп алды. Ал бүгін Еркінғали Буркиталин (дәстүрлі стиль, 77 кг-ға дейін) алтын медаль иеленді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында Азия ойындарының 6 алтын медалі бар.
XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 558 спортшы өнер көрсетіп жатыр. Олар жарыс бағдарламасындағы 35 спорт түрінен медаль үшін күресуде.