Жауапсыз күту: неге Бурдасов әлі де «Барыспен»келісімшартқа қол қоймады?
Ресейлік шабуылшы Антон Бурдасов қайтадан елордалық «Барыстың» жейдесін киюі ықтимал. Бұл туралы «Головой Об Лед» телеграм-арнасы хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, 34 жастағы хоккейші клубқа айтарлықтай қарапайым, «ғарыштық емес» қаржылық шарттармен қайтып келуге әзір. Алайда спортшы әзірге клуб басшылығынан нақты ұсынысты күтіп отыр, ал ол жағы әлі айқындалмаған.
Өткен маусымда (2024/25) Бурдасов «Барыс» сапында 53 кездесу өткізіп, 17 (12+5) ұпай жинады. Оның астана командасына келуі «Трактордан» жанжалды түрде кеткен соң жүзеге асқан болатын. Маусым бойы тұрақсыздықпен бетпе-бет келген шабуылшы клубқа бар күшін салғанымен, «Барыс» Шығыс конференциясында соңғы орынға табан тіреп, бар болғаны 35 ұпай жинады - бұл тарихтағы ең сәтсіз нәтижелердің бірі болды.
Инсайдерлік ақпаратқа сәйкес, Антон Бурдасовтың «Барыстағы» еңбекақысы шамамен 40 миллион рубльді құраған. Бұл сома қазіргі бағаммен 218,4 миллион теңгеге жуық.