ҚХЛ-дегі ең жоғары жалақы алатын бапкер қызметінен босатылды
Илья Воробьев пен оның көмекшілері ЦСКА клубынан кетті.
«2024/2025 маусымында Құрлықтық хоккей лигасында негізгі команда алдына қойылған міндеттің орындалмауына байланысты, бапкерлік штабпен әріптестік тоқтатылды. Жаңа кадрлық тағайындаулар туралы кейінірек хабарланады. ЦСКА хоккей клубы жаттықтырушыларға атқарған жұмысы үшін алғыс білдіреді», – делінген ресми мәлімдемеде.
Айта кетейік, Воробьев клубтың аңыз тұлғасы Сергей Федоровтың орнына келген болатын. Федоровтың жетекшілігімен ЦСКА қатарынан екі рет Гагарин кубогын жеңіп алған. Алайда 2023/2024 маусымында команда плей-оффтың алғашқы кезеңінен әрі аса алмады.
«Спорт-Экспресс» дерегінше, Илья Воробьев жылына 90 миллион рубль (566 миллион теңгеден астам) жалақы алған және ҚХЛ-дегі ең көп жалақы алатын бапкер болған. Салыстырмалы түрде айтсақ, «Барыс» клубының бас бапкері Ғалым Мамбеталиев бұл сомадан 10 есе аз табыс табады.
Кей дереккөздерге сенсек, армиялық клубты енді әйгілі «профессор» Игорь Ларионов жаттықтыруы мүмкін.