Дамир Жафяров мансабын ҚХЛ-де жалғастырады: бұрынғы «Барыс» шабуылшысы «Нефтехимикпен» келісімшартқа отырды
Қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс шабуылшы Дамир Жафяров енді ҚХЛ-дегі жаңа маусымды «Нефтехимик» сапында бастайды. Клубтың ресми хабарлауынша, 31 жастағы хоккейшімен бір жылдық келісімшартқа қол қойылған.
Өткен маусымды Жафяров «Барыс» құрамында өткізген. Астаналық командада ол 27 матчқа қатысып, 5 (1+4) ұпай жинады. 31 мамырда келісімшарт мерзімі аяқталып, ойыншы еркін агент атанды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының дерегінше, Жафяровтың «Нефтехимиктегі» жылдық жалақысы шамамен 100–120 миллион теңгені құрайды. Бұл сома «Барыстағы» табысынан төмен. Елорда клубында ол легионерлер арасындағы ең жоғары жалақы алатын ойыншылардың бірі болған - жылдық табысы 273 миллион теңгеге жуықтаған.
Айта кетейік, бұл – Жафяровтың ҚХЛ-дегі алтыншы клубы болмақ. Бұған дейін ол «Торпедо», СКА, «Ак Барс», «Авангард» және «Барыс» сапында өнер көрсеткен.