«Барыстың» жаңа маусымдағы үй матчтарының басталу уақыты белгілі болды
«Барыстың» баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс күндері Астанадағы матчтар сағат 19:30-да басталады. Ал демалыс және мереке күндері ойындардың басталу уақыты 17:00-ге белгіленген, деп хабарлайды Sports24.kz.
ҚХЛ-дың жаңа тұрақты чемпионаты 2026 жылдың 5 қыркүйегінде басталып, 2027 жылдың 20 наурызына дейін жалғасады.
«Барыс» маусымдағы алғашқы үй матчын 7 қыркүйекте өткізеді. Астаналықтардың қарсыласы «Сибирь» болады. 9 қыркүйекте Михаил Кравец шәкірттері «Салават Юлаевты» қабылдайды, ал алғашқы үй сериясын «Амурға» қарсы кездесумен аяқтайды.
Бұған дейін «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец команданың ҚХЛ-дың жаңа маусымына дайындығы туралы айтып, клубтың қаржылық жағдайына қатысты сұраққа жауап берген еді.
Өткен маусымда астаналық команда тағы да плей-офф кезеңіне шыға алмады. «Барыс» 68 матчта 54 ұпай жинап, Шығыс конференциясында оныншы орын алды. 2025/26 жылғы чемпионатта команда 154 шайба соғып, өз қақпасына 208 шайба жіберді.