«Барыс» голсыз өткен тартысты ойында буллит сериясында жеңіліп қалды
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті сыртқы ойынын Новосібірде өткізді. Жергілікті «Сібірге» қарсы өткен кездесу шиеленісті өрбіді.
Негізгі уақыт пен овертаймда есеп ашылған жоқ - қақпашылар екі жақта да сенімді ойнап, барлық қауіпті соққыларды қайтарды. Шешуші сәт буллит сериясында орын алды. Бұл жерде айдын иелерінің бәсі биік болды: Сошников өз мүмкіндігін мүлт жібермей, жеңіс шайбасын соқты - 1:0.
ҚХЛ. Тұрақты чемпионат
«Сібір» (Новосібір, Ресей) — «Барыс» (Астана, Қазақстан) - 1:0 Б (0:0, 0:0, 0:0, 0:0, 1:0)
Шайба: 1:0 - Сошников (буллит).
Бұл «Барыстың» қатарынан екінші жеңілісі: бұған дейін астаналықтар Ярославльдің «Локомотивінен» 1:5 есебімен ұтылған еді.
«Барыстың» келесі кездесуі 7 қазан күні Казаньда «Ақ Барсқа» қарсы өтеді.