«Ақ Барыс» – «Барыс». Қазақстандық клуб «Жыртқыштар дербиіне» алдын ала шолу жасады
«Барыс» Қазандағы сырттағы турын жалғастыруда, деп хабарлайды астаналық клубтың баспасөз қызметі.
«Ақ Барыс» қарқын алып, соңғы бес ойынның төртеуінде жеңіске жетті. Өткен турда Анвар Гатиятулиннің командасы өз алаңында «Амурды» (3:1) тізе бүктірді. Шайбаларды Дмитрий Яшкин, Григорий Денисенко және Кирилл Семенов соқты. Бұл ойында хабаровтықтар қарсылас қақпасына небәрі 11 соққы бағыттаса, оның онына Михаил Бердин тойтарыс берді. Қазандықтардың бас бапкері командасының бұл кездесуде максималды шоғырланумен ойнағанын атап өтті.
Татарстан астанасының ұжымы 12 матчта 13 ұпай еншіледі. Қазіргі таңда «Ақ Барыстың» ең нәтижелі ойыншылары: Григорий Денисенко (5+3), Кирилл Семенов (4+4) және Владимир Алистров (3+5). Жарақат алғандардың қатарында қорғаушы Альберт Яруллин бар», – деп жазады «Барыстың» баспасөз қызметі.
Сонымен бірге төмендегілер қосылады:
«Барыс» жексенбі күні Луи Домингтің қақпасын бұза алмай, Новосібірде «Сібірден» буллиттер сериясында (0:1) жеңілді. Андрей Шутов өз еншісіне 31 сейв жазып, биылғы чемпионаттағы алғашқы «құрғақ» ойынын өткізді. Иван Николишин мен Роман Старченко маусымдағы алғашқы матчтарын өткізді. Астаналықтардың қоржынында 12 кездесуден кейін 12 ұпай бар».
«Ақ Барыс» — «Барыс» матчының басталуы Астана уақытымен 21:00-де.
Ойынның тікелей трансляциясы Qazsport телеарнасында көрсетіледі.