11 сәуір – Вашингтонда Александр Овечкин күні болып жарияланды
АҚШ астанасының мэрі Мюриэл Боузер ресми түрде 11 сәуірді Александр Овечкин күні деп жариялады.
Бұл жөнінде ол өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған қаулысында хабарлады.
- «Біз – Вашингтон тұрғындары, хоккей жанкүйерлері және аты аңызға айналған «Сегізінші нөмірдің» табынушылары ретінде бірігіп, Овиға ерекше жетістігі үшін алғыс айтып, оны «Кэпиталз» сапында өткізген жылдары үшін құрметтейміз», – делінген мәлімдемеде.
Атаулы күннің бекітілуіне себеп болған — ресейлік шабуылшының тарихи жетістігі. 6 сәуір күні «Нью-Йорк Айлендерс» командасына қарсы өткен кездесуде (1:4) Александр Овечкин НХЛ тарихындағы ең нәтижелі снайпер атанды. Ол өзінің 895-ші шайбасын соғып, аты аңызға айналған Уэйн Гретцкидің (894 шайба) рекордын жаңартты. Қазіргі таңда Овечкиннің еншісінде НХЛ-дің тұрақты маусымында 896 гол бар.