«Оның кетуі – нағыз апат болар еді». Роберт Дорнбос Ферстаппеннің болашағы жайлы пікір білдірді
Формула-1 жарысының бұрынғы қатысушысы әрі сарапшы Роберт Дорнбос нидерландтық Макс Ферстаппеннің Red Bull командасындағы орны мен ықтимал болашағына қатысты ойын ашық білдірді. Оның айтуынша, бірнеше маусым қатарынан жеңіс тұғырынан түспеген бұл серіктестік өз мәресіне жақындап қалған болуы мүмкін.
«Макс әзірге мансабын аяқтаған жоқ. Бірақ, бәлкім, Red Bull-мен қоштасатын сәт жақын. Бұл шын мәнінде ертегіге бергісіз кезең болды - төрт чемпиондық атақ, командалық Кубоктар. Оның командадағы орны ерекше. Егер ол кетсе, бұл Red Bull үшін үлкен апатпен тең болар еді», - деді Дорнбос.
Қазіргі таңда Ферстаппен жалпы есепте 155 ұпаймен үшінші орында келеді. Канадалық Гран-приде Red Bull шабандозы екінші болып келіп, Mercedes-тің өкілі Джордж Расселлге ғана жол берді.