Льюис Хэмилтон жаңа маусым туралы: “Менің басты мақсатым – барлық жағынан жетілу”
Жеті дүркін әлем чемпионы Льюис Хэмилтон биыл “Феррари” командасына қосылып, Формула-1 маусымына дайындығы жөнінде пікір білдірді. Аңызға айналған британдық шабандоз өзіне жоғары мақсат қойып, жаңа командаға толық бейімделуді көздеп отыр.
“Менің басты мақсатым – барлық жағынан жетілу. Командаға сіңісу, физикалық дайындығымды жақсарту, уақытты тиімді пайдалану, инженерлермен қарым-қатынасымды нығайту, базаға көбірек уақыт бөлу – осының бәрі мен үшін маңызды. Мен бұған қазірден бастап кірістім және әрі қарай да жалғастыра беремін, өйткені менің мақсатым – үлкен жетістікке жету”, – деп келтіреді GPBlog Хэмилтонның сөзін.
Еске сала кетейік, Хэмилтон биылғы маусымда “Феррари” сапына қосылды және сегізінші чемпиондық титулды жеңіп алуды мақсат етіп отыр. Бұл маусым оның мансабындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болмақ, өйткені ол Формула-1 тарихында жаңа рекорд орнатуды көздейді.