Ландо Норрис Монако Гран-приінде жеңіске жетіп, жалпы есептегі айырмашылықты қысқартты
25 мамыр күні Монте-Карлодағы аңызға айналған қалалық автотрассада Формула-1 жарысының сегізінші кезеңі - Монако Гран-приі өтті. Бәсекелі додада мәреге бірінші болып McLaren командасының британдық өкілі Ландо Норрис келді.
Көпшіліктің сүйіктісі әрі Ferrari шабандозы Шарль Леклер екінші орынды иеленсе, үшінші орынға McLaren сапындағы тағы бір спортшы - Оскар Пиастри тұрақтады. Ол іріктеу кезеңіндегі сәтсіздікке қарамастан, өз позициясын сақтап, подиумға көтерілді. Сонымен қатар, жалпы есептегі көшбасшылықты да ұстап қалды.
Ал төрт дүркін әлем чемпионы Макс Ферстаппен (Red Bull Racing) бұл жолы жүлделі орыннан тыс қалды. Италиядағы алдыңғы кезеңде жеңіске жеткен нидерландтық спортшы Монакода төртінші нәтиже көрсетті.
Бұл кезең Фернандо Алонсо үшін сәтсіз өтті. Aston Martin командасының тәжірибелі шабандозы, екі дүркін әлем чемпионы, 43 жастағы испаниялық спортшы жарысты орта жолда тоқтатуға мәжбүр болып, ұпайсыз қалды. Осылайша, ол Формула-1-дегі мансабында алғаш рет маусымның алғашқы сегіз кезеңінде бірде-бір ұпай ала алмады.
Монако кезеңінен кейін әлем чемпионатының жалпы есебінде McLaren сапындағы Оскар Пиастри көш бастап тұр. Оның басты қарсыласы әрі командаласы Ландо Норрис - бар болғаны үш ұпайға ғана қалып келеді. Үздік үштікті 25 ұпайлық артта қалумен Макс Ферстаппен түйіндейді.