Жасынан емес – жүрегінен: Ямаль өзінен үлкен әншімен көңіл жарастырды
Дүниежүзілік футбол аренасында жарқырап келе жатқан ең жас жұлдыздардың бірі – «Барселона» мен Испания құрамасының 18 жастағы жартылай қорғаушысы Ламин Ямаль соңғы уақытта тек ойын өрнегімен емес, жеке өмірімен де жұрт назарын аударды. Испаниялық БАҚ мәліметінше, футболшы өзінен алты жас үлкен танымал әнші Ники Никольмен кездесіп жүр.
Олардың танысуы Ямальдың туған күнінде басталған. Журналист Хави де Ойосаның айтуынша, алғашында мінездері сай келмегенімен, араларындағы қарым-қатынас жылдам өрбіген. 24 шілде күні жұпты жағажайдағы кештен бірге көрген куәгерлер олардың өзара ықыласын жасырмағанын айтады.
«Туған күн кешінде араларында ерекше ұшқын байқалмады. Алайда бірнеше күннен соң олар жағажайдағы дискотекада бірге көрінді, тіпті сүйісті»,-дейді де Ойоса Marca басылымына берген сұқбатында.
Ламин Ямальдың сүйіктісі – 24 жастағы аргентиналық әнші Ники Николь. Латын Америкасы мен Испанияда музыкалық мансабын өркендеткен өнер иесі енді футбол вундеркиндісінің жүрегін де бағындырған сыңайлы.
Айта кетейік, бұл – Ямальдың махаббат өмірі алғаш рет жұрт назарына іліккені емес. Осы жазда ол 30 жастағы фитнес-модель Фати Васкеспен де көрінген. Екеуінің Сицилиядағы демалыста бірге түскен суреттері желіде тарап, жанкүйерлер олардың арасындағы романға дәлел тапқан еді.