Жапониялық футболшы не себепті Қазақстанды таңдағанын айтты
Қазақстан Премьер-Лигасының жаңа маусымындағы басты жаңалықтардың бірі – жапониялық ойыншының алғаш рет ел чемпионатына келуі. «Ұлытау» клубының жаңа ойыншысы Котару Киси неге Қазақстанға келгенін legalbet.kz басылымына берген сұхбатында түсіндірді.
«Қазақстанда жапониялық ойыншылар болмағаны мені қызықтырды. Бұл маған өзімді көрсетуге және келесі қадам жасауға мүмкіндік берді. «Ұлытау» маған ерекше ықылас танытты, арадағы байланыс сәтті жүріп, мені қатарына алғысы келгендеріне қуандым. Сондықтан бірден шешім қабылдадым», – деді Киси.
24 жастағы Котару Киси 2023 жылға дейін Жапониядағы Хамамацу университеті командасында ойнаған. Кейін бір маусым Мальтадағы «Лия Атлетик» сапында өнер көрсетті. 2024 жылдың ақпанынан бастап Черногорияның «Морнар» клубында ойнады.
2024/2025 маусымында жапониялық вингер 44 матч өткізіп, 6 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген. «Ұлытауда» Киси 7-нөмірмен алаңға шығады.
Transfermarkt деректеріне сәйкес, ойыншының нарықтық бағасы – 100 мың еуро.
Айта кетейік, «Ұлытау» қазіргі таңда Қазақстан Премьер-Лигасында 13 турдан кейін 12 ұпаймен 11-орында тұр.