Жағдай қаншалықты күрделі? «Арсенал» негізгі ойыншысының жарақаты туралы жаңа ақпарат жариялады
«Арсеналдың» жетекші жартылай қорғаушысы Мартин Эдегор АПЛ-дегі «Вест Хэмге» қарсы матчта (2:0) жарақат алды. Клуб норвегиялық хавбектің жарақаты туралы жаңартылған мәліметтерді жариялады.
Эдегор алдағы Израиль және Жаңа Зеландияға қарсы ойындарда Норвегия құрамасына көмектесе алмайды, себебі ол сол жақ тізесінің медиальды коллатеральды байламын жарақаттаған.
Халықаралық трансферлік терезе кезінде Мартин «Арсеналдың» медициналық орталығында тексерістен өтіп, ем қабылдауды жалғастырады деп хабарланды.
Айта кетейік, осы маусымда Эдегор иығындағы жарақатына байланысты АПЛ-дегі «Манчестер Ситиге» қарсы (1:1) және Чемпиондар лигасындағы «Атлетикке» қарсы (1:0) ойындарды өткізіп жіберген еді, алайда кейін «Ньюкаслға» қарсы матчта (2:1) алаңға қосалқы құрамнан шықты.
26 жастағы хавбек осы маусымда «канонирлер» сапында жеті матчқа қатысып, екі нәтижелі паспен көзге түсті.
Айта кетсек, «Арсеналдың» жұлдызы Премьер-лигада Вест Хэмге қарсы кездесуден кейін ерекше жетістікке жетті.