Ямаль «ПСЖ»-мен болған матчтан кейін қайта жарақат алды. «Барселона» жұлдызы қанша уақыт алаңға шықпайды?
«Барселона» мен Испания құрамасының жас жұлдызы Ламин Ямаль қайтадан лазаретке түсті.
«Блауграна» баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ямаль шап аймағында жайсыздық сезініп, ескі жарақатының асқынуына байланысты алдағы 2-3 апта бойы жасыл алаңға шықпайды.
Ол «Севильямен» өтетін кездесуді және Грузия мен Болгарияға қарсы алдағы матчтарға Испания құрамасының сапындағы шақыруды өткізіп алады.
Ямаль маусым басында да шап аймағындағы жарақатына байланысты біраз уақыт ойыннан тыс қалған еді. Ол 28 қыркүйекте «Реал Сосьедадқа» қарсы матчта алаңға оралған болатын. Бірақ «ПСЖ»-мен өткен (1:2) жеңіліске ұшыраған кездесуде Ламин толық 90 минут бойы ойнады.
Биылғы маусымда испандық вундеркинд «Барселона» сапында барлық турнирде өткізген 5 ойында 2 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген.
Бұған дейін біз «Барселонаның» Суперлига жобасынан шыққанын хабарлаған болатынбыз.