Ямаль қанша ұпай жинады, ал Мбаппе ше? 2025 жылғы «Алтын доп» дауыс беруінің қорытындысы
23 қыркүйек күні Парижде әлем футболындағы ең беделді жеке марапат – 2025 жылғы «Алтын доп» табысталды. Салтанатты кештің басты үміткері атанған Усман Дембеле күтпеген тосынсыйсыз-ақ, сенімді түрде жүлдені иеленіп, өз мансабында алғаш рет тарихқа есімін жазды.
Француз шабуылшысы 1 380 ұпай жинап, дауыс беру нәтижесінде бірінші орынға шықты. Оның басты қарсыласы, небәрі 18 жастағы жұлдыз Ламин Ямаль 1 059 ұпаймен екінші сатыдан көрінді. Үздік үштікті маусымның басты серпілісі атанған Витинья (703 ұпай) түйіндеді.
Келесі орындарда Мұхамед Салах (657), Рафинья (620) және Ашраф Хакими (484) жайғасса, Килиан Мбаппе небәрі жетінші орынға тұрақтады (378 ұпай). Ал үздік ондыққа Коул Палмер (211), Джанлуиджи Доннарумма (172) және Нуну Мендеш (171) енді.
Осылайша, Дембеле жылдың басты жұлдызы атанып, өз мәртебесін толық дәлелдеді. Ал Ямал бастаған жаңа буын әлем футболының болашағын айқын көрсетіп берді.