ВИДЕО. Лионель Мессидің оққағары жанкүйерді тоқтатамын деп құлап қалды
Лионель Мессидің жеке оққағары Яссин Чеуко күтпеген оқиғаға тап болды. Бұл жағдай “Интер Майами” мен Панамалық “Спортинг Сан-Мигелито” арасындағы жолдастық матч кезінде орын алды.
Ойын барысында алаңға кенеттен жанкүйер жүгіріп шығып, сегіз дүркін “Алтын доп” иегеріне жақындауға тырысты. Оны тоқтатпақ болған Чеуко жоғары жылдамдықпен жүгіріп барып, жанкүйерге соғылды, бірақ тепе-теңдігін сақтай алмай, алаңға құлап түсті. Бұл сәт әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, 2,6 миллионнан астам қаралым жинады.
Оқиғаға қарамастан, жанкүйер мақсатына жетті – бірнеше секунд бойы Мессиді құшақтап үлгерді, содан кейін оны қауіпсіздік қызметі алаңнан алып кетті.
Белгілі болғандай, Яссин Чеуко бұған дейін Ирак пен Ауғанстанда арнайы әскери қызметте болған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, оны Мессиге “Интер Майами” клубының иесі Дэвид Бекхэм жеке өзі ұсынған. Чеуко 50 адамнан тұратын күзет тобын басқарады және 37 жастағы аргентиналық жұлдыздың қауіпсіздігін тәулік бойы қадағалайды.