ВИДЕО. Ауру қалса да әдет қалмайды. Серхио Рамос Мексика чемпионатындағы алғашқы қызыл қағазын алды
Серхио Рамос тағы да басты назарда – бірақ бұл жолы голдарымен емес. Мексика лигасындағы “Монтеррей” мен “Пумас УНАМ” арасындағы кездесуде, алаң иелері 3:1 есебімен жеңіске жеткенімен, матчтың басты сәті әйгілі испандық қорғаушының алаңнан қуылуы болды. Рамос допсыз сәтте Гильермо Мартинесті теуіп, тікелей қызыл қағаз алды. Бұл оның Мексика чемпионатындағы алғашқы, ал мансабындағы 30-шы рет алаңнан қуылуы. Рамос мансабында қатаң ойынымен танымал, сондықтан төрешілер оның әрекеттерін жиі жазалап келеді. “Пумасқа” қарсы матч бұл көрсеткішті толықтыра түсті.
Серхио Рамос Мексикадағы мансабын жарқын бастады – ол қатарынан үш матчта гол соғып, командасына сенімділік сыйлаған еді. Алайда енді оның есімі баспасөз беттерінде мергендігімен емес, эмоциясын тежей алмаған сәтімен аталып отыр. Бұл оның “Монтеррей” сапындағы бар-жоғы бесінші кездесуі еді, бірақ ол қазірдің өзінде тарихқа енді.