УЕФА қаржылық есебі: КПЛ клубтары 87 миллион еуро табыс тапты, бірақ оның 81%-ы мемлекеттен келеді
УЕФА 2023/24 маусымында Қазақстан Премьер-лигасындағы он төрт клубтың қаржылық есебін жариялады. Мәліметтерге сәйкес, қазақстандық клубтардың жалпы табысы 87 миллион еуроны (шамамен 46,3 миллиард теңге) құрады.
Бұл соманың құрылымы келесідей:
5,5 миллион еуро (6%) коммерциялық табыстардан түскен – демеушілік келісімдер, жарнама, лицензиялау, мерчандайзинг және басқа да коммерциялық түсімдер.
70,5 миллион еуро (81%) басқа кірістер ретінде көрсетілген, оған мемлекеттік субсидиялар, активтерді сату, футбол академияларынан түскен табыстар және бір реттік төлемдер кіреді.
9,8 миллион еуро (11%) УЕФА-дан түскен сыйақылар – Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференциялар лигасына қатысу үшін бөлінген қаражат.
Билеттер сатылымынан түскен табыс небәрі 0,9 миллион еуроны (1%) құрады.
Ішкі телехұқықтардан түскен кіріс мүлдем жоқ – 0 еуро.
Ойыншылардың жалақысына жұмсалған қаржы 54 миллион еуроны (шамамен 28,75 миллиард теңге) құрап, бұл көрсеткіш УЕФА аймағындағы 28-ші орынға ие болды. Ал таза трансферлік баланс теріс мәнге ие – минус 1,4 миллион еуро (-325%).
Сонымен қатар, КПЛ клубтарының жалпы табысы 2022 жылмен салыстырғанда 24%-ға артқанымен, он командада қаржылық ахуал теріс күйде. Сондай-ақ, Қазақстанда шетелдік инвесторлары бар бірде-бір клуб жоқ екені атап өтілді.
Негізгі қорытынды: қазіргі таңда КПЛ клубтарының кірістерінің 81%-ы мемлекеттік қаражаттан қалыптасады.
Сондай-ақ оқыңыз: ҚПЛ-де екі төреші КФФ төрешілер департаментінің басшылығымен келіспеушілікке байланысты жұмыстан шеттетілуі мүмкін