Томас Франк - «Тоттенхэмнің» жаңа бас бапкері
Лондондық «Тоттенхэм» футбол клубы бас бапкер қызметіне дат маманы Томас Франктің тағайындалғанын ресми түрде хабарлады. Бұған дейін «Брентфорд» командасын жаттықтырған Франкпен келісімшарт 2028 жылдың жазы аяқталғанға дейін жасалды. Ол қызметінен 6 маусымда кеткен Анге Постекоглуға ауыстырылды. Аустралиялық бапкердің маусымы екіұшты аяқталды: клуб Еуропа лигасын жеңіп алғанымен, АПЛ-да бар болғаны 17-орынмен шектелді.
Еуропа лигасындағы жеңіс арқасында Чемпиондар лигасына жолдама иеленгеніне қарамастан, «Тоттенхэм» басшылығы Постекоглуға сенім білдірмей, қызметінен босатты. Негізгі себеп – ішкі біріншіліктегі тұрақсыз нәтиже.
Томас Франк – ағылшын футболындағы ең тұрақты әрі жаңашыл көзқарасты бапкерлердің бірі ретінде танылған маман. Ол «Брентфорд» клубының жаттықтырушылар штабына 2016 жылы қосылып, 2018 жылдан бастап бас бапкер қызметін атқарды. Франктың жетекшілігімен команда 2021 жылы алғаш рет Премьер-лигаға жолдама алып, өткен маусымды үздік ондықта аяқтады. Айта кетерлігі, олар «Тоттенхэмнен» 18 ұпайға артық жинады.