Тоқаев «Қайсардың» жаңа стадионын аралап, қызылордалық футболдың дамуын атап өтті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласына жұмыс сапарымен барып, жаңа футбол стадионын аралап көрді және жергілікті «Қайсар» клубының ойыншыларымен кездесті.
Мемлекет басшысы «Қайсардың» қазақстандық футболдың жаңа даму моделіне үлгі бола алатынын атап өтті.
«Қайсар» - елдегі алғашқы жекешелендірілген клубтардың бірі. Алдағы уақытта мұнда заманауи футбол академиясы салынады. Команданың болашағы зор деп сенемін. Барлық ойыншыларға және клуб ұжымына сәттілік тілеймін», - деді Президент.
Жаңа арена 11 мың көрерменге арналған және УЕФА-ның III санаттағы стандарттарына толық сай келеді. Бұл нысанда ішкі біріншілік ойындарын, жастар құрамаларының кездесулерін және еурокубоктардың іріктеу кезеңдерін өткізуге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, маусым-2025 қорытындысы бойынша «Қайсар» 22 ұпай жинап, турнир кестесінде 11-орын алды. Клуб тарихқа легионерлерсіз толық маусым өткізген Қазақстандағы алғашқы команда ретінде енді.