Тылсым хаос: Манчестер Юнайтед жаңа басшылығының 8 оғаш, даулы және жанжал тудырған шешімі
Джим Рэтклифф 2024 жылдың ақпанында “Манчестер Юнайтедтің” қосалқы иесі атанғанда, жанкүйерлерде үміт оты тұтанды. Глейзерлер әулетінің клубқа екі онжылдыққа жуық немқұрайлы қараған басқаруынан кейін, бұл өзгеріс команданы дұрыс бағытқа бұруға сеп болады деген сенім оянды. Өйткені Рэтклиффтің спорт саласында мол тәжірибесі бар.
Ол Манчестердің солтүстігінде өсіп, бала күнінде әкесімен бірге “Олд Траффордқа” жиі барып, 1999 жылы Барселонада өткен Чемпиондар лигасының финалын өз көзімен көрген. Сондықтан да жанкүйерлер оны клубтың өткен даңқын қайтаруға және олардың алаңдаушылығына құлақ асуға әзір деп сенді. Алайда бір жыл ішінде Рэтклиффтің шынайы бет-бейнесі айқындала түсті. Осы уақыт ішінде оның клубқа, ондағы адамдарға және жанкүйерлерге Глейзерлерден кем түспейтіндей немқұрайлы қарайтыны байқалды. Төменде оның ең даулы шешімдеріне тоқталамыз.
Жаңа келісімшарт алған тен Хаг
МЮ-дың Англия Кубогы финалында “Манчестер Ситиді” жеңуі Рэтклифф пен INEOS өкілдерін қиын жағдайға қалдырды. Өйткені бұған дейін олар Томас Тухельмен келіссөздер жүргізіп, бұл туралы тен Хагқа хабарлаған еді. Алайда сарапшылар мен жанкүйерлер бұл жеңіс маусым бойғы сәтсіздіктерді жуып-шая алмайды, сол себепті бас бапкердің қызметтен кетуі тиіс деген пікірде болды.
Сондықтан да клуб маусым финалынан кейін бір ай өткенде, Тухельмен жүргізілген келіссөздерге қарамастан, тен Хагтың қызметінде қалатынын және жаңа келісімшарт алатынын жариялаған кезде бұл күтпеген жаңалық болды. Оның үстіне, нидерландтық маманға трансферлік нарықта қолдау көрсетіліп, бес жаңа ойыншыға 200 миллион фунтқа жуық қаржы жұмсалды. Алайда кейінірек тен Хаг бәрібір қызметінен босатылды, клуб алдымен оның қалаған құрамын қалыптастыру үшін жүздеген миллион фунт жұмсап, артынан оны жұмыстан шығарғаны үшін ондаған миллион өтемақы төледі.
Қысқартулар толқыны
Рэтклифф қаржыны үнемдеу шаралары туралы жиі айтатын. Кейбір шешімдері сын көтергенімен, мысалы, жоғары лауазымды қызметкерлерге берілетін корпоративтік несие карталары мен қызметтік көліктерден бас тарту, ең шулысы – шілде айында 250 қызметкердің жұмыстан босатылуы туралы хабарлама болды. Қысқарту тізіміне 1999 жылдан бері клубта жұмыс істеген баспасөз хатшысы Джон Аллен, сондай-ақ 40 жылдық еңбек өтілі бар тарихшы Клифф Батлер мен экипировка маманы Алекс Уайли енді.
Фергюсонның шеттетілуі
Қазан айында тағы бір тосын жаңалық тарады… Рэтклифф маусым соңында сэр Алекс Фергюсонның клуб елшісі ретіндегі рөлін тоқтататынын мәлімдеді. Ұлыбританиядағы ең табысты бапкер 2013 жылы бапкерлік қызметтен кеткеннен бері бұл лауазымда болған. Әрине, қаржылық тұрғыдан Фергюсонға бұл қатты соққы емес, алайда оның клубты бүгінгі алып брендке айналдырғанын ескерсек, мұндай шешім жанкүйерлердің ашу-ызасын туғызды.

Бапкерлік шешімдер
Тен Хагпен жаңа келісімшарт жасалғанына қарамастан, МЮ қазан айында “Вест Хэмнен” жеңілгеннен кейін оның отставкасын жариялады. Бұл Премьер-лигадағы тоғыз ойынның төртеуіндегі жеңілісінен соң орын алған шешім еді. Бірақ бапкерді жұмыстан босату төрт айға кешіктірілгендіктен, бұл оның келісімшартын ұзарту үлкен қателік болғанын тағы бір рет дәлелдеді.
Нидерландтық маманға төленген өтемақы 10,4 миллион фунтты құрады, ал оның орнына “Спортингтің” бапкері Рубен Аморим шақырылды. Оның өзі мансабын маусымаралық үзілісте бастауға ниетті екенін мәлімдеген болатын. Осылайша, МЮ өзінің философиясына берік сенетін бапкерге ие болды, алайда оның тактикалық жүйесіне сай келмейтін құраммен қалды.
Билеттер бағасының шарықтауы
Рэтклифф жанкүйерлерді маусым ортасында билет бағасын күрт өсірумен таң қалдырды. Жылдық абонемент иелері матчтарға билет үшін енді ең кемі 66 фунт төлеуге мәжбүр болды. Бұған қоса, балалар мен 65 жастан асқандарға арналған жеңілдіктер алынып тасталды. Бұған дейін бұл билеттердің құны ересектер үшін 40 фунт, ал балалар үшін 25 фунт еді. Жаңа тарифтер бойынша бағалар сәйкесінше 65% және 164%-ға өсті.
Эшуорттың жұмыстан шығарылуы
Рэтклиффтің ең даулы қадамдарының бірі Дэн Эшуортты жұмыстан босатуы болды. Бұрын оны “10/10 деңгейдегі спорттық директор” деп мақтаған Рэтклифф бар болғаны бес айдан кейін оны қызметінен кетірді. Алғашында “Ньюкаслдан” маманды тарту үшін “Юнайтед” 4,1 миллион фунт жұмсаса, кейін оны қызметтен босатқаны үшін тағы қомақты өтемақы төледі.
Әйелдер командасына деген құрметсіздік
Рэтклифф әйелдер футболын қолдаушылардың көңілін бірнеше рет қалдырды. Ол МЮ әйелдер командасының “Тоттенхэмге” қарсы Англия Кубогының финалына бармады, кейінірек сұқбатында әйелдер футболына әлі толық көңіл бөлмегенін және тек ерлер командасына басымдық беретінін ашық айтты.
Бұл жағдайды тіпті нашарлатқан жайт – әйелдер құрамасының ойыншыларын жақында салынған Каррингтондағы жаңа шешінетін бөлмелерден шығарып тастауы болды. Бұл бөлмелер ерлер құрамасына арналды, себебі олардың негізгі алаңы жөндеуге жабылды.
Тағы да қысқартулар мен үнемдеу шаралары
Жақында клубта тағы 200-ге жуық адам жұмыстан босатылады деген мәлімдеме қызметкерлердің моральдық рухын одан әрі түсірді. Бұл хабарлама “Олд Траффордта” жұмыс істейтін қызметкерлерге тегін түскі ас берілмейтіні туралы жаңалықпен тұспа-тұс келді. Тек Каррингтондағы жаттығу базасындағы персоналға ғана сорпа мен сэндвич ұсынылатын болды.
Қызметкерлерді қысқарту әлдеқайда үлкен мәселе болғанымен, бұл шешімдер Рэтклиффтің клубтың жұмысшыларына деген немқұрайдылығын тағы бір мәрте көрсетті.
Goal материалдары негізінде