Құтылды ма, жоқ па? «Атлетикті» ойсырата жеңгеннен кейін Алонсо эмоцияға ерік берді
«Реал» бас бапкері Хаби Алонсо Бильбаодағы айқын жеңістен кейін (3:0) ойын қорытындысын бағалап, командасының бүгінгі ойынын маусымдағы ең үздік кездесулердің біріне балады. Оның айтуынша, мадридтіктер дәл сол күні «идеалға жақын футбол» көрсетті.
Алонсо ойыншылардың матч маңызын терең түсінгенін және Ла Лигадағы ұзаққа созылған тең нәтижелер сериясын дәл осы жерде бұзуға бел буғанын атап өтті.
«Бұл – біз үшін шешуші матч болды. Ла Лигадағы тең ойындар тізбегін тоқтату міндет еді. Команда кездесуге жинақы, сабырлы, үлкен жауапкершілікпен келді. Мұндай күрделі стадионда мазмұны бойынша мінсіз матч өткіздік», – деді ол.
Бапкер Килиан Мбаппенің қазіргі формасын ерекше бөле-жара айтты.
«Мбаппе тамаша жағдайда. Қозғалысы жеңіл, Винисиуспен өзара түсіністігі өте жоғары деңгейде. Біз алғашқы минуттан-ақ тек жеңіс үшін шықтық».
Бұл жеңіс мадридтік клубтың көңіл-күйін күрт көтеріп, «Барселонамен» арадағы алшақтықты қысқартты. Қазір «Реалдың» қоржынында – 36 ұпай. Каталондықтардан бір-ақ ұпайға қалып келеді - барлығы қайтадан шиеленісе түсті.
Команда келесі ойынын 8 желтоқсанда «Сельтаға» қарсы өткізеді.