Тэмми Абрахам Зайнутдиновтың командаласына айналды.
«Рома» шабуылшысы Тэмми Абрахам Стамбұлдық «Бешикташ» клубына ауысады. Бұл командада Қазақстан құрамасының ойыншысы Бахтиёр Зайнутдинов ойнайды. Бұл туралы түрік клубы ресми түрде хабарлады.
Абрахам «Бешикташ» сапында 2025/26 маусымының соңына дейін жалға ойнайды.
Тэмми «Рома» құрамында жалпы 84 матч өткізіп, 26 гол соқты. Ол командаға 2022 жылғы Конференциялар лигасын жеңіп алуға көмектесті.
Transfermarkt.de порталының мәліметінше, футболшының нарықтық құны — 15 миллион еуро.
«Бешикташта» Тэмми Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиёр Зайнутдиновпен бір командада ойнайды. Айта кетейік, Зайнутдинов өткен маусымның екінші жартысын жарақатына байланысты өткізіп алды. Абрахам Стамбұл клубында Сериа А-ға қайта оралуға жақын тұрған италиялық шабуылшы Чиро Иммобиленің орнын басуы мүмкін. Иммобиле «Болонья» клубына ауысуы ықтимал.
Тэмми Абрахам — «Челси» академиясының түлегі. 2021 жылдың жазынан бері «Рома» ойыншысы. Өткен маусымда ол жалға «Милан» сапында 44 матч өткізіп, 10 гол соқты және 7 нәтижелі пас берді.