Тарихтағы ең үлкен келісімшарт па? Гвардиола бас тарта алмайтындай ұсыныс
"Манчестер Ситидің" бас бапкері Пеп Гвардиола келісімшарты күшінде болғанына қарамастан, клубтан кетуі мүмкін.
El Nacional мәліметінше, Сауд Арабиясының бір клубы каталониялық маманға рекордтық ұсыныс жасап, оның болашағына қатысты шешімін қайта қарауға түрткі болуы ықтимал.
Гвардиола Англияда тоғызыншы маусымын өткізіп, қазіргі заманның ең мықты командаларының бірін қалыптастырды. Алайда биыл "Сити" қиындықтарға тап болды – Чемпиондар лигасында "Реалдан" жеңіліп, АПЛ-дегі тұрақсыз ойындарына байланысты клуб ішінде оның болашағы туралы күмәндар пайда бола бастады.
Осы жағдайды Сауд Арабиясы тиімді пайдаланып қалғысы келеді. Жергілікті клуб Гвардиолаға тарихтағы ең қомақты келісімшартты ұсынып отыр. Оның сомасы "Ситидегі" жалақысынан бірнеше есе жоғары. Саудиялықтар дәл осы бапкер олардың лигасын жаңа деңгейге көтереді деп сенеді.
Әзірге Гвардиола нақты шешім қабылдаған жоқ, бірақ оның кету мүмкіндігі "Сити" басшылығы мен жанкүйерлерін алаңдатып отыр. Клуб оны ұстап қалғысы келеді, бірақ белгісіздік күн санап артып келеді.
Қазіргі таңда "Манчестер Сити" АПЛ-де 26 турдан кейін 44 ұпаймен 4-орында тұр. Ал Чемпиондар лигасының 1/16 финалында "Реалдан" жалпы есепте 6:3 есебімен жеңіліп, жарыстан шығып қалды.