«Соңына дейін үміттендік»: Бабаян – Мужиковтың «Астанаға» оралмай қалғаны жайлы
Елордадағы «Астана» футбол клубының бас бапкері Григорий Бабаян тәжірибелі жартылай қорғаушы Серікжан Мужиковтың ауысуы не себепті жүзеге аспағанын айтып берді.
YouTube-тегі «ФУТБОЛ ЖОЛЫ» арнасына берген сұхбатында бапкер 35 жастағы футболшының елордалық клубқа қайта оралуы мүмкін болғанын растады. Қазір Мужиков «Елімай» сапында өнер көрсетуде.
«Бұл футболшы маған әрдайым жақсы әсер қалдырған. Ол – Дмитрий Шомко секілді, бізбен бірге үлкен жолдан өтті. Серікжанды ойыншы ретінде әрдайым бағалағанмын, ара-қатынасымыз да жақсы. Оны командаға қайтару туралы әңгіме болды. Бірақ біз соңына дейін басқа бір ойыншыны аламыз деп үміттендік. Өкінішке қарай, ол нұсқа жүзеге аспады. Ал Серікжан бұл уақытта «Елімаймен» келісімшартқа қол қойып үлгерді», – деді Бабаян.
Еске сала кетейік, Серікжан Мужиков 2025 жылдың ақпан айында ресми түрде семейлік «Елімай» командасының ойыншысы атанды. 2014 пен 2019 жылдар аралығында ол «Астана» сапында ойнап, Бабаянның жетекшілігімен 50 матчқа қатысып, 16 нәтижелі әрекет (гол немесе пас) жасаған. Осы уақыт аралығында жартылай қорғаушы клубпен бірге 9 трофей жеңіп алып, команданың тарихында өзіндік із қалдырды.