Сауд Арабиялық клуб Винисиус пен Анчелоттиға €800 млн төлеуге дайын
Сауд Арабиясының «Аль-Хиляль» клубы мадридтік «Реалдың» бас бапкері Карло Анчелотти мен команданың жетекші ойыншыларының бірі Винисиус Жуниорды өз қатарына тартуды шындап ойластыруда.
Клуб басшылығы итальяндық маманды шақыру арқылы бразилиялық вингерді жазда Эр-Риядқа көшуге көндіру мүмкіндігі бар деп есептейді.
Sports Zone порталының мәліметі бойынша, «Аль-Хиляль» өкілдері Винисиустың жақындары мен келіссөздер жүргізуді бастап кеткен. Клуб оның көшуі үшін шамамен 800 миллион еуро бөлуге дайын — бұл сома трансфер, жалақы және қол қою үшін берілетін бонустарды қамтиды. Бірақ футболшы әзірге «Реалда» қалуды таңдауы мүмкін.
Ал бапкерлік мәселе бойынша Сауд Арабиясында қазіргі жаттықтырушы Жорже Жезуштің орнына Анчелоттиді тартуды жоспарлап отыр. «Аль-Хиляль» кез келген жолмен итальяндық маманды өз қатарында көргісі келеді, ол жақында Бразилия құрамасының бапкері болу ұсынысынан бас тартты және маусым аяқталған соң «Реалдан» кетуі мүмкін.
Қазіргі уақытта «Аль-Хиляль» Сауд Арабиясының чемпионатында екінші орынға жайғасып, «Аль-Иттихадтан» алты ұпайға артта қалып отыр.