Сарапшы Конференциялар лигасындағы «Қайрат» - «Панатинаикос» матчының фаворитін атады
Қазақстандық танымал футбол маманы әрі функционер Болат Есмагамбетов Конференциялар лигасының жалпы кезеңі аясында гректің «Панатинаикос» клубына қарсы өтетін матчта «Қайраттың» мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ойын 22 қазанда өтеді. Кездесу Алматыда ұйымдастырылып, Қазақстан уақытымен 19:30-да басталады.
«Ұпай жинау өте қиын болады деп ойлаймын. Қазір грек клубтары Еуропаның үздік командаларына лайықты қарсылық көрсетіп жүр, ал «Панатинаикос» — айқын фаворит. «Қайрат» үшін тең ойын тамаша нәтиже болар еді», — деді Болат Есмагамбетов.
Бұған дейін Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі бірінші турда «Қайрат» сырт алаңда Латвияның «Рига» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Ресейлік футбол комментаторы әрі сарапшы Никита Пискунов матч қорытындысын егжей-тегжейлі талдап, «Қайрат» қақпашысы Темирлан Анарбековтың сенімді ойынына жоғары баға берді. Ал «Панатинаикос» босниялық «Борацты» жеңді.